Аймақтағы ең ірі аграрлық колледж – көп жылдан бері Кеменгер ауылында жұмыс істеп келе жатқан оқу орны – мемлекеттік мақсатты тапсырысты ұлғайтып, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын қысқа мерзімді оқытуға кірісті.
Бүгінде «Ertis» Жоғары инновациялық колледжінде білім алып жатқан 942 студенттің қатарында Илья Украинченко да бар. Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығында оқып жүрген ол бүгінде жырту техникасын өзі жөндеп, жер жырта алады. Биыл ол өз мамандығы бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауында екінші орынды иеленді.
– Бала күнімнен әкеммен бірге егістік алқабында болып, трактормен, шалғымен жұмыс істедім, – дейді студент. – Сол себепті болашақта өзімді ауыл шаруашылығымен байланысты көремін. Жер әлемді асырайды, ал жермен еңбек ететін адамдар – нағыз тірек. Аграрлық сала әрқашан қажет әрі табысты болады.
Меруерт Жаныс Кеменгерге Тараз қаласынан келген. Ол әпкесі секілді ветеринар мамандығын таңдаған. Айтуынша, сүйікті ісіне сай жұмыс табылса, Павлодар облысында қалуға дайын.
– Қазір біз балапандарды шығаратын инкубаторда жұмыс істейміз, сонымен қатар оқу шаруашылығына да барамыз, – дейді үшінші курс студенті. – Бала күнімнен жануарлармен араласқанды жақсы көретінмін. Сол себепті ветеринария саласын таңдадым.
Үшінші курс студенті Даниил Терещенко өзін агрономия саласында елестетеді. Ол ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша барлық теориялық негіздерді меңгеріп болған. Қазір отбасылық шаруа қожалығында агроном көмекшісі ретінде тәжірибе жинап жүр.
– Жерді қалай жырту керек, дақылды қалай себу, қашан суарып, немен өңдеу керек – мұның бәрін білемін, – дейді студент. – Қазір сәбізді өңдеп жатырмыз. Арамшөпті жою маңызды, бірақ пестицидті шамадан тыс қолдануға болмайды – болашақ өнімге зияны тиюі мүмкін.
2023 жылдан бастап «Ertis» колледжі мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының сұранысына сай мамандар даярлауда. Сонымен қатар колледж қысқа мерзімді курстар аясында да оқытуды бастады. Бүгінде мансаптық орталықтардың тапсырысы бойынша «Ertis» колледжінде 32 жұмыссыз білім алып жатыр.