Отбасын жоспарлау мәселелері және ерлер мен әйелдердің денсаулығын сақтау жөнінде халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық-алдын алу науқаны 12-16 мамыр аралығында өтеді.
Репродуктивті денсаулық апталығының алғашқы күні әйелдер денсаулығына арналды. 12 мамырда Павлодар қаласында орналасқан екі және Екібастұздағы бір емхана жанындағы жастар денсаулық орталықтары барлық келушілер үшін есіктерін ашты.
– 13 мамыр жастардың репродуктивті денсаулығына, сондай-ақ ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алуға арналған, – деді @pavlodar.rsk алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқушева. – «ALMAZ MEDICAL GROUP» емханасындағы жастар денсаулық орталығы базасында АИТВ-ға экспресс-тест тапсыруға болады. Сонымен қатар, жастар инфекционист дәрігердің кеңесін ала алады.
14 және 15 мамырда тұрғындарға репродуктолог және уролог-андролог мамандары кеңес береді. Репродуктивті денсаулық апталығының соңғы күні адам папилломасы вирусы тақырыбына арналмақ. Бұл мәселеге қатысты мамандармен әңгімелесу Павлодардағы «ALMAZ MEDICAL GROUP» жастар денсаулық орталығында өтеді.