Өңірде облыстық маңыздағы жолдармен қатар, аудандық және кіреберіс жолдарды да жөнге келтіру жоспарланып отыр.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омардың айтуынша, биыл аудан орталықтарынан шалғай ауылдарға апаратын аудандық жолдар жөнделмек. Мысалы, Аққу – Қазы – Майқарағай және Железинка – Веселая Роща – Мыңкөл бағыттарындағы жолдар толық жөнделеді.
– Амангельды ауылына кіреберіс жолды қайта жаңарту бойынша үш жылдық жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді спикер. – Жоба аясында топырақ жолдың орнына асфальтбетон төсеу және жер төсемін салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл Амангельды ауылы тұрғындарының жыл бойы ыңғайлы әрі қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2025 жылы бірден 32 ауылдық кіреберіс жолды жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, 72 жоба аясында елді мекендердегі жалпы ұзындығы 193,5 шақырым болатын көшелер жөнделеді. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жергілікті жолдардың үлесін 96%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.