Мемлекеттік кірістер департаменті декларацияларды қабылдау 15 қыркүйекке дейін жалғасатынын атап өтті.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылы енгізіле бастады. Алғашқы үш кезеңде жүйеге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, заңды тұлғалардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер кірді. 2025 жылдан бастап барлық азаматтар декларация тапсыруы керек болатын. Алайда өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғалардың декларация тапсыруының орындылығына күмән келтірді.
Осыдан кейін Қаржы министрлігі ұсынған тұжырымдамаға сәйкес, міндетті декларациялау мынадай санаттар үшін сақталуы мүмкін:
1.Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар (оның ішінде квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары) және олардың жұбайлары;
2.Банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары;
3.Коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары (АҚ-да 10% және одан жоғары дауыс беретін акциялар үлесі барлар) және олардың жұбайлары;
4.Жеке практикамен айналысатындар;
5.Шетелде мүлкі барлар;
6.Жеке кәсіпкерлік табысынан басқа, өзін-өзі салық салуға жататын табыс алғандар;
7.Шетелдік банктерде 1000 АЕК-тен астам қаражаты барлар;
8.Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерде жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын ірі мүлік сатып алған тұлғалар.
Әзірге жалпыға бірдей декларациялау бойынша ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Сондықтан декларация тапсыруға Қазақстандағы жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігі жатады. Алайда салық органдары құжатты толтыруға асықпай, бұл көпшілікті алаңдатқан мәселе бойынша орталық деңгейдегі шешімді күтуге кеңес береді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Павлодар облысында жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 180 мыңға жуық тұрғын кірді. Егер Қаржы министрлігі ұсынған тұжырымдама бекітілсе, олардың тек 20-25 мыңы ғана декларация тапсыруды жалғастырады.