«Азаматтарға арналған үкіметтің» өкілдері Павлодар облысы тұрғындарының жекелеген нөмірлерді сатып алуға жұмсайтын шығындары туралы айтты.
@pavlodar.rsk алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» облыстық филиалының басшысы Асылбек Сапарбек 2024 жылғы жұмыс қорытындысын шығарды. Жалпы облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтары 564 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетсе, тағы 576 мың қызмет өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы көрсетілген. Ең сұранысқа ие ТОП-3 мемлекеттік қызметке электрондық цифрлық қолтаңба алу, жеке куәлік пен төлқұжат алу, жүргізуші куәлігін беру кіреді.
– 2024 жылы Павлодар облысында көлік иелері «әдемі» нөмірлерге 394 664 826 теңге жұмсаған, – деді спикер. – Естеріңізге сала кетейін, көлік иелері өз көлігін eGov.kz порталында да, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да қайта тіркей алады. Өткен жылы барлығы 59 953 көлік онлайн түрде қайта тіркелді.