
Көбінесе төрт аяқты полицейлер есірткімен күресу мен жоғалған адамдарды іздеуге қатысады.
Бүгінгі таңда Павлодар облысы полиция департаментінің кинологиялық қызметінде 20 қызметтік-іздестіру иттері бар. Әрбір төрт аяқты тәртіп сақшысы есірткіні іздестіру, қадағалау, жарылғыш заттарды анықтау және нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты нақты тапсырмаларды орындайды.
2024 жылы қызметтік иттердің арқасында 258 қылмыс ашылды. Иттер есірткіге қарсы 446 операцияға қатысып, 40 келіге жуық есірткі затын тәркілеуге көмектесті. Сонымен қатар, кинологиялық қызмет жарылғыш заттарды іздеуді белсенді жүргізді.
Жұмыстың тиімділігін арттыру және қызметкерлердің кәсіби өсуі үшін облыстық полицияның орталық кинологиялық қызметі одорологиялық сәйкестендіру бойынша тәжірибелік сабақтар мен сынамаларды алуды ұдайы ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар иттердің де, оларды ұстаушылардың да дағдыларын жақсартуға көмектеседі.










