Зейнетақы мен жәрдемақы қаншаға өскені @pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Өткен жылы Павлодар облысында орташа зейнетақы 132 885 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 89 710 теңге, базалық зейнетақы – 43 175 теңге. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсті. Базалық зейнетақы төлеміне келетін болсақ, ол 6,5 пайызға өсті. Бюджеттен төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақылар бірдей сомаға ұлғайтылды.
– Павлодар облысы бойынша алушыларға республикалық бюджеттен барлығы 304 мың түрлі төлемдер тағайындалды, – деп атап өтті халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау басқармасының басшысы Алмагүл Мұхамедова. – Оларды 180 мыңға жуық адам қабылдайды. Зейнетақы мен жәрдемақының жаңа мөлшері қаңтар айында төленеді.
Бүгінде облыста 122 мыңнан астам зейнетақы алушы бар. Сондай-ақ, 20 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан мен асыраушысынан айырылған 8,2 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алады.