Моноқалалық кәсіпкерлер арасында несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың өте танымал құралын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынады.
Мемлекеттік қолдауды пайдаланғандар қатарында жеке кәсіпкер Жаңыл Мұзұқаева да бар. 2007 жылдан бастап кәсіпкер әйел сауда саласында жұмыс істеп, кейін қоғамдық тамақтандыруды бастады. 2022 жылы ол өзінің наубайханасын ашуға шешім қабылдады. Ол үшін кәсіпкер жаңғыртуды қажет ететін ғимаратты сатып алды
– Негізі біз қабырғаларды ғана сатып алдық, – дейді Жаңыл Мұзуқаева. – 15 миллион теңгеге несие алып, соның арқасында ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нан пісіретін құрал-жабдықтар сатып алдық. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме шамамен 20 пайызды құраса, «Даму» қорының субсидиясының арқасында мен бар болғаны 6 пайыз төлеп отырмын.
Ақсу қаласында дәл осындай схема бойынша жаңа «Мустанг» фитнес-орталығы салынды. Ғимарат нөлден тұрғызылды, құрал-жабдықтар Алматыдан алынды. Залдың ашылғанына бір жылдан аз уақыт болды, бірақ оның тұрақты тұтынушылары бар.
Фитнес-сауықтыру орталығының директоры Григорий Гак: «Бізге зауыттардағы балалар, жастар, жұмысшылар келеді», – дейді. – Қалада басқа да залдар бар, бірақ біз жаңа әрі тың нәрсе жасағымыз келді. Бір шаңырақтың астында біз сізге дене шынықтыру және денсаулықты сақтау үшін қажет нәрсенің бәрін жинадық деп айта аламыз.
Темірбетон конструкциялары мен дайын бетон шығаратын «Базис-ПВЛ» серіктестігі де банк несиесінің субсидиялануын тиімді пайдаланды. Несие мен мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлер техника мен қажетті көлікті сатып алды.
– Бүгінде біздің өнімдер орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізуге және фермерлер базарының құрылысына жұмсалуда, – дейді «Базис-ПВЛ» ЖШС басшысының орынбасары Тимур Адасханов. – Тұрғын үй құрылысына, жолдарды дамытуға атсалысамыз. Бетонды жеке тұрғын үй құрылысымен айналысатын жеке меншік иелері де бізден сатып алады.
2024 жылы бір ғана Ақсу қаласында «Даму» қоры арқылы 24 бизнес-жоба қолдау тапты. Оларға жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден астам несие субсидиялары берілді.