Өз міндеттемелері бойынша есеп айырыса алмаған борышкерлер соттан тыс тәртіпте “банкрот” мәртебесін алды.
2023 жылдың наурыз айында осындай мүмкіндік пайда болғаннан бері Павлодар облысының тұрғындарынан соттан тыс банкрот деп тануға 3,9 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оң шешім тек 517 жағдайда қабылданды.
• 140 адам өтініштерін өз бетінше қайтарып алды,-деді Мемлекеттік кірістер департаменті Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Жаслан Сержанов @pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз мәслихатында. – Олардың несие берушілер алдындағы міндеттемелері өзгерген болуы мүмкін немесе олар жұмысқа орналасып, қарыздарын төлеу мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Тағы 2,9 мыңға жуық өтініш берушіге заңды қолдану шарттарына сәйкес келмегендіктен өтініштері қабылданбады.
Павлодарда борышкерді банкрот деп тану туралы 220 соттан тыс шешім шығарылды, Екібастұзда – 189, Ақсуда – 18. Егер аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары туралы айтатын болсақ, бұл жағдайда ең жоғары көрсеткіш Павлодар ауданында – 35 шешім.
Бүгін қазақстандықтарға ХҚКО-да, www.eGov.kz электрондық үкіметтің сайтында, сондай-ақ “eGov mobile” және “e-Salyq Azamat”қосымшалары арқылы банкроттық туралы арыз беруге мүмкіндік берілді. Соттан тыс тәртіпте банкрот деп тану үшін берешек мөлшері 1600 АЕК-тен аспауы тиіс, борыштар бойынша соңғы төлем бір жылдан астам уақыт бұрын жасалуы тиіс, ал борышкердің меншігінде ешқандай мүлік болмауы тиіс. Сонымен қатар, егер әлеуетті банкроттың банк алдында қарызы болса, онымен есеп айырысу процедурасы жүргізілуі керек.
Банкрот деп танылған жағдайда адам 5 жыл ішінде екінші деңгейдегі банктерден және микроқаржы ұйымдарынан қарыз ала алмайтынын есте ұстаған жөн. Сонымен қатар, 7 жыл ішінде оған банкроттық рәсімінен өтуге қайта өтініш беруге тыйым салынады.