2025 жылдан бастап жұмыс орындарын орналастыру және еңбек шарттарын www.enbek.kz платформасында ресімдеу – барлық жұмыс берушілер үшін міндетті талапқа айналды.
@pavlodar.rsk алаңында еңбек қатынастарын ресімдеу жүйесіндегі өзгерістер талқыланды. Жиында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова цифрлық еңбек биржасы – ең алдымен жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімнің ашықтығы екенін атап өтті.
– Бұрын еңбекке орналасу фактісін жұмыс берушінің өзі белгілейтін болса, енді ол міндетті түрде бос жұмыс орнын жариялап, жалдамалы қызметкермен еңбек қатынасын портал арқылы ресімдеуі тиіс, – деді спикер. – Бұл үдеріс мемлекеттік органдардың бақылауында болады, яғни еңбек қатынасының адал әрі заңды болуын қамтамасыз етеді. Бүгінде облыстағы жұмыс берушілердің көпшілігі www.enbek.kz платформасына сенім артып, сонымен жұмыс істеуде.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 15 379 адам ресми түрде жұмысқа орналасқан. Олардың әрқайсысымен электрондық еңбек биржасы арқылы еңбек шарты жасалды.