
Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық аурухана базасында осындай бес ота сәтті жасалды.
Офтальмологиялық орталық – облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін көпбейінді облыстық аурухананың бейінді бөлімшелерінің бірі. Орталықта консультациялық-диагностикалық қабылдау, күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында емдеу жүргізіледі, сондай-ақ шұғыл офтальмологиялық көмек көрсетіледі.
Қызметті дамытудың басты шарттарының бірі – диагностикалық және хирургиялық базаны жаңарту болды. Бүгінде орталық премиум-класты заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Диагностикалық желі, соның ішінде офтальмолог дәрігерлердің жұмыс орындары мен ота жасау блоктары толықтай жаңартылды. Павлодарлық мамандардың соңғы ең маңызды жетістіктерінің бірі – көз қасаң қабығын трансплантациялауды дамыту. Биыл облыстық клиникалық аурухананың офтальмологтары донордан көз қасаң қабығын алмастыру бойынша бес ота жасап үлгерді. Бұрын мұндай оталар негізінен Астана мен Алматы қалаларының мамандандырылған орталықтарында ғана жасалатын.
Жалпы, жыл басынан бері клиникада МӘМС аясында 3,4 мыңнан астам науқас офтальмологиялық көмек алды,олардың басым бөлігі хирургиялық емдеуден өтті. Тағы 30-дан астам адам тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емделді немесе ота жасатты. Айта кетейік, офтальмологиялық орталықтың пациенттері қатарында тек Павлодар облысының тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның басқа өңірлері мен шекаралас мемлекеттерден де медициналық көмекке жүгінетін азаматтар бар.










