Заңсыз кәсіпкерлердің жалпы табысы 100 миллион теңгеге жуықтаған.
Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері – басшының орынбасары Қамбар Қабдуллин мен департаменттің бірінші жедел басқармасының бастығы Жоламан Қиналбеков заңсыз кәсіпкерлік фактілері туралы айтты.
Бірінші жағдайда криптовалюта Павлодардың индустриялық аймағындағы базалардың бірінде өндірілді. Арнайы рұқсаты жоқ, тиісті салық төлемеген кәсіпкер 39 миллион теңгеге жуық табыс тапқан. Барлық майнинг техникасы тәркіленді.
Екінші жағдайда күдікті криптокошелек арқылы тауарды сатудан түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, заңсыз айырбастау операцияларын жасаған. Ер адам Қазақстанда да, Ресейде де заңсыз қызметпен айналысқан. Мамандардың айтуынша, оның табысы 60 миллион теңгеге жуықтаған.
Екі дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы «Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік, микроқаржыландыру немесе коллекторлық қызмет» бойынша қылмыстық іс қозғалды.