Екі дөңгелекті көлік құралдарының иелері өңірдегі арнайы ХҚКО-ларға жүгінуді жалғастыруда.
Еске салайық, 5 сәуірден бастап Қазақстанда мопедтер мен скутерлер механикалық көлік құралдарына теңестірілген өзгерістер күшіне енді. Бұл дегеніміз, енді олар міндетті түрде тіркелуге тиіс және оларға тек жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана мінуге рұқсат етіледі.
– Мопедті басқару үшін А1, А немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі болуы керек, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары Руфат Кенжин. – Жолда жүргенде жүргізуші міндетті түрде басына шлем киюі тиіс.
Егер тіркелмеген скутермен жүрген жағдайда, көлік құралы айыптұраққа қойылады. Ал жүргізушіге көлік құралын тіркеусіз басқарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.