Бүгінгі күні архив қызметкерлері 150 мыңға жуық түрлі құжатты цифрлық форматқа көшірді.
Облыстық мемлекеттік архивте ауқымды цифрландыру жұмыстары 2018 жылы басталған. Қазіргі уақытта бұл іспен 7 адам айналысып, олар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мекеме басшысы Бақыт Смақовтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – архивте сақталған материалдарға халықтың қашықтан қол жеткізуін барынша қамтамасыз ету.
– Бұл жұмыстың екінші маңызды міндеті – архивтік құжаттардың түпнұсқаларын сақтау, – деді спикер. – Өкінішке қарай, мұндай материалдармен жұмыс барысында қағаз тозады. Ал электрондық нұсқаларды шектеусіз пайдалануға болады. Жалпы пікірге қайшы, цифрландырудан кейін біз қағаз құжаттарды жоймаймыз, өйткені олар – сақталуы тиіс құнды мұра.
Павлодар облысының архив қызметінің 100 жылдығы қарсаңында өңірдің бас архив ғимаратын жөндеу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін сақтау орындары мен маңызды тарихи құжаттар мен анықтамаларды сақтауға қажетті инфрақұрылым ретке келтірілмек. Бүгінде құжаттарды мұқият сақтау мәселесі қала және аудан деңгейінде де шешілуде. Архив қызметкерлеріне арнайы жағдай жасалған ғимараттар қарастырылуда.