«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының банк несиесін кепілдендіру және субсидиялау мүмкіндігіне жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер үміт арта алады.
Павлодарда 13 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «KazIndArsenal» тігін цехы осындай қолдауға ие болды. Алғашқы уақытта кәсіпорында небәрі екі тігінші жұмыс істесе, бүгінде ұжымда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Цехта арнайы киім тігіледі және өңір мен елдегі түрлі өндірістік кәсіпорындармен әріптестік орнаған.
Кәсіпкерлікті дамыту қоры «iStudy» тіл мектептері желісіне де қолдау көрсетті. Банк несиесін субсидиялау мен кепілдендірудің арқасында олар бұрын жалға алып келген төрт қабатты ғимаратты меншігіне алды. «iStudy» басшылығы алдағы уақытта көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейтуді, IELTS емтиханына дайындық бойынша франшиза сатуды және онлайн-оқыту платформасын іске қосуды жоспарлап отыр.
«Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдау алған павлодарлық пластик терезе өндірушілердің бірі – «Ясмин Строй Эксперт» компаниясы. Уақытында кәсіпорын шыныпакеттер өндіру үшін материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік алды. Бүгінде олар өнім түрлерін көбейтіп, құдықтар мен құбырлар салу үшін қажет темірбетон сақиналарды өндірумен айналысуда.