Кәсіпорынның жобалық қуаты 250 мың тонна өнім болса, 2023 жылдың соңына қарай оның өндіріс көлемі 261 мың тоннаны құрауы тиіс.
Олар «Отандық Өндіріс» жобасы аясында кәсіпорынға арнайы пресс-тур барысында бастапқы алюминий өндіретін зауыттың бүгінгі күні қалай жұмыс істейтіні туралы әңгімеледі. Бүгінде Павлодарда өндірілген қанатты металл Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Түркия, Грузия, Нидерланды, Италия, Грекия және басқа да Еуропа елдеріне экспортталады.
ҚЭЗ өнімдерін қазақстандық 11 кәсіпорын да сатып алады. Соңғы 5 жылда ішкі нарыққа жөнелтілім екі есеге артты. Қазақстанда 2023 жылы бастапқы алюминийдің ай сайынғы жалпы сату көлемі 5 мың тоннаны құрайды. Ол негізінен кабель және сым бұйымдарын, құрылыс материалдарын, алюминий қорытпаларын өндіру үшін қолданылады. Сонымен қатар, павлодарлық алюминий металлургия өнеркәсібіне сатып алынады және машина жасауда қолданылады.
Зауыт қоршаған ортаны қорғау мәселесіне әрқашан үлкен мән беретінін атап өтеді. 2022 жылы компания қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруға шамамен 265 миллион теңге бөлді. Ауа бассейнін қорғау шеңберінде алюминий электролиз цехының газ тазарту қондырғысында сүзгі қалталары, анодты құрастыру учаскесінде және анод өндірісінің араластыру-пресстеу бөлімінде сүзгіш қаптар ауыстырылды. Осындай іс-шаралар 2023 жылға жоспарланған. Мәселен, жыл соңына дейін алюминий электролиз цехындағы No1 газ тазарту қондырғысында сүзгіш қаптар ауыстырылады деп күтілуде.
Сондай-ақ 2022 жылы ҚЭЗ 10 мың көшет отырғызу арқылы аумақты көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. 2023 жылы да осыншама ағаш отырғызылды. Кәсіпорын көшеттерге күтім жасауды ұйымдастырып, ағаштарды үнемі суарып, тыңайтып, күтіп-баптап отырады.
Фото: ҚЭЗ