
«Даму» қорының қаржылық құралдарының арқасында павлодарлық өндірушілер этно-киімдер мен автокөлік қаптарын шығаруды жолға қойды.
Павлодар қаласының тұрғыны Айзат Бәйтенова жұбайымен бірге кәсібін шағын сұлулық салонынан бастаған. Өз уақытында мемлекеттік қолдаудың көмегімен олар ғимаратты сатып алған еді, алайда ковид індеті кәсіпкерлердің жоспарын бұза жаздады. Нәтижесінде жаңа бағыт ашу туралы шешім қабылданды. Осылайша, алғашында мата бетперделерді тігуден бастаған «Hanym» этно-ательесі пайда болды. Кейін цехта мектеп формасы тігіле бастаса, бүгінде киізден шопперлер шығарылуда.
Коронавирус кезеңінде тағы бір ателье — «Exclusive Pavlodar» ашылды. Мұнда түрлі үлгідегі автокөлік қаптары өндіріледі. Бүгінгі таңда кәсіпорын 6 мыңнан астам тапсырысты орындап үлгерді. Кәсіпкер Ернар Сабыровтың аяқтан тік тұруына «Даму» қоры көмектесті. Қолжетімді қаржылық құралдардың есебінен компания жабдықтар сатып алды және бүгінде тігін паркін жаңартуды жоспарлап отыр.










