
Өңір тұрғындары бірден үш маңызды мерекені — Қазақстан халқының бірлігі күнін, Отан қорғаушылар күнін және Жеңіс күнін атап өтеді.
Павлодар облысында мамыр мерекелері қалай атап өтілетіні туралы @pavlodar.rsk алаңында ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қымбат Дощанова, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова және Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева айтып берді. Қымбат Дощанованың мәлімдеуінше, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай әлеуметтік желілерде «Қазақстан — біздің ортақ үйіміз» челленджі басталады.
– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары республикалық референдум қорытындыларына, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» және «Бірлігіміз әралуандылықта» қағидаттарын іске асыру жөніндегі бастамаларына негізделетін болады, – деді спикер. – Жалпы, жоспарланған іс-шаралар азаматтар арасында оң қоғамдық көңіл-күй қалыптастыруға, тұрақтылықты, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Ал 7 және 9 мамырға келетін болсақ, осы даталарды мерекелеу аясында соғыс батырлары мен әскери қызметшілерге құрмет көрсету, оларды еске алу шаралары, сондай-ақ патриоттық акциялар жоспарланған. Осыған байланысты түрлі форматтағы 1,5 мыңнан астам іс-шараны қамтитын бірыңғай облыстық жоспар құрылды. Олар соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуге, аға ұрпақты қадірлеуге және жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған.
5-7 мамыр аралығында өңір тұрғындарына мемлекеттік ту түстес 20 мыңнан астам «Жеңіс лентасы» патриоттық ленталары таратылады. 6 және 7 мамырда павлодарлық мектеп оқушылары ерлік пен батылдықтың символы болып табылатын қаладағы бес ескерткіш пен мемориалдық тақталарға гүл шоқтарын қояды. 8 мамырда Павлодарда Ұлы Отан соғысы ардагерлері тұратын аулаларда шағын концерттер ұйымдастырылып, ақсақалдардың өздерін құттықтайды. Дәстүрлі гүл қою рәсімі 9 мамыр күні сағат 10:00-де Даңқ обелискісінің жанында өтеді.
Айта кетейік, 1, 7 және 9 мамыр күндері Павлодар мұражайларына кіру тегін болады. Сондай-ақ симфониялық оркестр де тегін концерт береді. Ол Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда 8 мамыр күні сағат 19:00-де өтеді.










