Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодарлық полицейлер қылмыстың жалпы саны азайғанын мәлімдеді

Павлодарлық полицейлер қылмыстың жалпы саны азайғанын мәлімдеді

Mar 26, 2026 | Жаңалықтар


Павлодар облысының тәртіп сақшылары құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу жұмыстарына басымдық берді.

Өңірдегі қылмыс деңгейінің кейбір көрсеткіштері туралы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев мәлімдеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері қылмыстың жалпы саны, оның ішінде ауыр және аса ауыр түрлері азайған.

– Бүгінгі таңда қоғамдағы маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу ерекше өзектілікке ие, өйткені бұл қылмыс деңгейіне, қоғамдық тәртіптің жай-күйіне және халықтың денсаулығына тікелей әсер етеді, – деді спикер. – Біз түнгі уақытта спирттік ішімдіктерді сатуы мүмкін дүкендер мен дәмхана-барлардың тізімін жасап, олардың әрқайсысымен нүктелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Алкоголь өнімін сату бойынша заңнама талаптарын бұзғаны үшін 131 кәсіпкерлік нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 49 дүкеннің алкоголь сатуға арналған лицензиясының қолданылуы тоқтатылды.

Сондай-ақ, полиция ең проблемалы деп танылған 27 ойын-сауық мекемесін бақылауға алды. Демалыс және мереке күндері бұл нысандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері толықтай күзетеді. Сағат 21:00-ден бастап дәмханалар мен барлардың маңында бұзақылықты, төбелесті және басқа да оқиғаларды болдырмау үшін арнайы жасақтар қойылады.

Прокуратура органдарымен бірлесіп, полицейлер «Айқын нәтиже» пилоттық жобасын іске қосты. Жоба аясында жарықтандыруды қажет ететін аулалар анықталуда. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының есебінде тұрған тұлғалар барынша тексеріліп жатыр.

Фото: Gemini