
Өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті жұмысындағы негізгі жобалардың бірі «Keden» ақпараттық жүйесі болды.
Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Түсетаев @pavlodar.rsk алаңында атап өткендей, жаңа ақпараттық жүйе кедендік операциялардың барлық кезеңін қамтиды. Оның ішінде тауарларды әкелу, рұқсат құжаттарын алу процестері, ресімдеудің әрбір кезеңіндегі мониторинг, тауарлар шығарылғаннан кейінгі бақылау және барлық кедендік мемлекеттік қызметтерді толық қамту бар.
– Үш айдың ішінде «Тауарларға арналған декларация» модулі іске қосылды, – деді спикер. – Онда жүк немесе жолаушылар декларациясы бойынша ресімделген көлік құралдарының кедендік тазартудан өту фактісін VIN-код бойынша қарау функциясы жүзеге асырылған. Жалпы, «Keden» жүйесі іске қосылған сәттен бастап Павлодар облысының кеден бекеттерінде тауарларға арналған 3 мыңға жуық декларация ресімделді. Тәуекелдер болмаған жағдайда, декларацияны шығарудың орташа уақыты небәрі 2-3 минутты құрайды.
Қазірдің өзінде салықшылар жаңа жүйенің бұрынғы «Астана-1» жүйесімен салыстырғандағы артықшылықтарын атап өтуде. Олар: бұрын қағаз тасығышта ресімделген экспресс-жүктерді толық электронды түрде декларациялау, мәліметтерді қайталап енгізбей-ақ алдын ала хабарлауды транзиттік декларацияға автоматты түрде ауыстыру, уақытша сақтау қоймаларындағы тауарларды есепке алу мен қамтамасыз етуді алу процестерін цифрландыру, құжаттарды автоматты түрде алу үшін басқа да деректер базасымен интеграциялау және «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу.










