
Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында қаржы пирамидаларының құрбандарына қазірдің өзінде 600 миллион теңге қайтарылды.
@pavlodar.rsk алаңында ЭТД өкілдері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын шығарды. Департамент басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, есепті кезеңде ведомствоның өндірісінде 49 қылмыстық іс болған, оның 37-сі биыл тіркелген. Сотқа 36 қылмыстық іс жолданды, оның ішінде 19-ы — ауыр қылмыстар бойынша.
– Қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл аясында өңірдің 950 тұрғынының құқығы қорғалды, – деп атап өтті спикер. – Анықталған жалпы шығын көлемі 2,9 миллиард теңгеден асты. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 600 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұдан бөлек, тыйым салынған мүлік есебінен жақын арада 700-ге жуық азаматтың пайдасына қосымша 1 миллиард теңгеден астам шығынды өтеу жоспарлануда.
Халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ЭТД қызметкерлері вейптердің заңсыз сатылымымен күресті жалғастыруда. Есепті кезеңде Павлодар және Маңғыстау облыстарының аумағында әрекет еткен екі қылмыстық топ жойылды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 1,6 миллиард теңгеден асатын 184 мыңнан астам вейп пен сұйықтық тәркіленді.
Сондай-ақ, Экономикалық тергеу департаментінде жалған шот-фактураларды жазып беру және салық төлеуден жалтару әрекеттерінің жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда. Заңсыз жазылған шот-фактуралардың сомасы 107 миллион теңгеден асқан қылмыстық істердің бірін тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Сонымен қатар, салықтық тәуекелдері жоғары кәсіпорындардың қызметіне жүйелі талдау жүргізіліп жатыр. Сот шешімімен 15 компания заңсыз схемаларды пайдаланған деп танылып, 59 мәміле жарамсыз деп табылды. Нәтижесінде 483,9 миллион теңге сомасына салық міндеттемелерін қайта есептеу қамтамасыз етілді.










