
Есепте тұрған тұлғаларды қашықтан бақылау үшін полицейлер қазірдің өзінде 50 құрылғыны пайдалануда. Таяу болашақта тағы сонша білезік сатып алу жоспарланған.
Павлодар облысындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары туралы @pavlodar.rsk алаңында қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев айтып берді. Ол өңірде электронды бақылау құралдары шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға, әкімшілік қадағалаудағы тұлғаларға, сондай-ақ үйқамақта отырғандарға қатысты қолданылатынын атап өтті. Жүйе есепте тұрған адамның жүріп-тұруын GPS арқылы нақты уақыт режимінде бақылайды. Деректер учаскелік инспектордың смартфонына және тәулік бойы кезекшілік жүргізілетін жедел басқару орталығына түседі. Егер адам сот белгілеген шектеулерді бұзса — мысалы, сағат 22:00-ден кейін тұрғын үйінен шығып кетсе — жүйе картадан бағыттан ауытқуды бірден тіркейді.
Бүгінгі таңда 30 білезік әкімшілік қадағалау және алдын алу аясында қолданылуда, тағы 20-сы үйқамақтағы тұлғаларды бақылауға жұмылдырылған. Ведомствода бұл шараның өз тиімділігін дәлелдегенін атап өтті: білезік тағылған 30 тұлғаның бірде-біреуі тұрақты қашықтан мониторинг жүргізілетінін біле отырып, қайта құқық бұзушылық жасамаған.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары режимді сақтамағаны үшін қатаң жауапкершілік бар екенін еске салады.Тіркелген екі бұзушылықтан кейін полицейлер материалдарды жинап, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою және сотталған адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтару мәселесін шешу үшін сотқа жолдайды.
Фото: Meta AI










