Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылаудың жаңа стандарттары енгізілуде

Павлодар облысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылаудың жаңа стандарттары енгізілуде

Feb 20, 2026 | Жаңалықтар


Мамандардың атап өтуінше, 2025 жылы қабылданған өзгерістер өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын Кәсіпкерлік кодекстің ықпалынан шығарып, оны мемлекеттік реттеуді айтарлықтай күшейтті.

@pavlodar.rsk алаңында өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Жұмабеков осы жаңашылдықтар туралы айтып берді. Негізгі өзгерістің бірі — бизнесті тексеру туралы 30 күн бұрын міндетті түрде хабардар ету талабының жойылуы. Енді бақылаушы органдар хабарламаны небәрі бір жұмыс күні бұрын жібереді, бұл қауіпті өндірістік объектілердің нақты жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қадағалау органдары жоспарлы тексерулердің нәтижесі бойынша бұзушыларды тікелей әкімшілік жауапкершілікке тарту құқығына ие болды.

— Жаңа механизм аясында тәуекелге бағытталған тәсіл енгізілуде, — деді спикер. — Жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектілер мен объектілер жыл сайын тексеріледі. Оларға өнеркәсіптік қауіпсіздігі міндетті түрде декларациялануға тиіс қауіпті өндірістік объектілер, сондай-ақ зауыт белгілеген қызмет ету мерзімі өткен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын нысандар жатады. Ал жоғары тәуекел тобына жатпайтын субъектілер үш жылда бір реттен жиі тексерілмейді. Осылайша, жаңа механизм әлеуетті қауіп деңгейін ескере отырып, барлық бақылау және қадағалау нысандарын толық қамтуды қамтамасыз етеді.

Мақсат Жұмабековтің айтуынша, енді кәсіпорындардағы бейінді қызметтер тікелей бірінші басшыға бағынуы тиіс. Спикер, сонымен қатар, нормативтік қызмет мерзімі аяқталған жабдықтарды уақтылы жаңарту бойынша міндетті нормалардың енгізілгенін де атап өтті. Бұл ретте мұндай жаңғырту жоспарлары енді уәкілетті органмен келісілуі шарт.

Апаттық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар да қатайтылды. 2027 жылдан бастап барлық кәсіби құрылымдар, соның ішінде ведомстволық бөлімшелер де арнайы құтқару жұмыстарын жүргізу құқығына ие болу үшін қатаң аттестаттаудан өтуге міндетті.

Бүгінгі таңда өңірлік ТЖД бақылауында 12 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысаны бар 178 кәсіпорын бар. Өткен жылы профилактикалық бақылау барысында осындай 1 мыңға жуық нысан тексерілді.