Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 16 мыңы тұрақты.
Жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы тақырыбы @pavlodar.rsk алаңында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповамен талқыланды. Ол Қазақстанның еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2024-2029 жылдар аралығында Павлодар облысында 140 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын және оның 70 пайызы тұрақты болуы тиіс екенін атап өтті.
– 2024 жылдың басынан бері облыста 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның 16 мыңнан астамы тұрақты, – деді спикер. – Ең алдымен білім беру жүйесінде, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте жұмыс орындары ашылады.
Бүгінгі таңда жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау органдары қалыптастыратын кадр сұранысының бес жылдық болжамы 56 мың маманды құрайды. Павлодар облысында өнеркәсіп, көлік, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларының қызметкерлеріне сұраныс жоғары.