
Өңірдегі стихиялық қоқыстардың дэуірі дерлік жойылды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ахуал туралы @pavlodar.rsk алаңында Экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов айтып берді. Ол «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының көмегімен анықталған 97 заңсыз қоқыс орнының 93-ін жергілікті атқарушы органдар тазалап үлгергенін атап өтті. Екі нысанды жою жұмыстары жүріп жатса, тағы екі жағдайда орнына барып тексеру барысында қоқыс орнының бар екені расталмаған.
– Жыл басынан бері бізге стихиялық қоқыстардың пайда болу деректері бойынша 13 материал түсті, – деді спикер. – Осы материалдарды қарау нәтижесінде 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұлдар толық көлемде өндірілді.
Белгілі болғандай, заңсыз қоқыс орындары жиі пайда болатын аумақтарға бейнебақылау камералары орнатыла бастады. Мысалы, мұндай бақылау Суворов зиратының маңында пайда болды.










