
Бүгінгі таңда өңірде мемлекеттік орман қоры аумағында болуға тыйым салынған.
Павлодар облысында өрт қауіпті кезеңінің қалай өтіп жатқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов пен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі өңірлік аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елюбаев айтып берді. Олардың мәліметінше, Ертіс өңірінде жалпы аумағы шамамен 1,7 мың гектарды құрайтын 63 орман өрті, 2 дала өрті және 35 дала тұтануы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Бұған ішінара тұрақты ыстық ауа райы мен температураның +35 градусқа дейін көтерілуі себеп болып отыр.
– Табиғи өрттерді жою үшін ТЖ департаментінің күштері мен құралдары айқындалды, сондай-ақ жеке құрамды тылдық қамтамасыз ету тобы құрылды, – деді Қайрат Шаймарденов. – 71 техника, 117 қызметкер, 53 аспалы өрт сөндіргіш, 90 шарпығыш және 28 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Орман өрттерін сөндіру үшін 35 өрт сөндіру және өтімділігі жоғары қосымша техника, сондай-ақ 132 адамнан тұратын жиынтық резервтік топ жасақталды.
Өңірде жоғары өрт қаупі деңгейі сақталып тұр. Осыған байланысты бүгінгі күні мемлекеттік орман қоры аумағында болуға тыйым салынады. Ескертуге қарамастан орманға барып, от жағуға бел буғандарға 10-нан 100 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Фото: ChatGPT










