Алдағы екі жылда облыста үш жаңа балабақша салынып, тағы үш мектепке дейінгі мекеме жаңғыртудан өтеді.
Мектепке дейінгі ұйымдардың инфрақұрылымы қалай дамытылатыны Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды. Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаеваның айтуынша, 2024 жылы үш балабақша жаңғыртудан өтеді. Олар Ақсу қаласындағы N16 балабақшаны, Павлодар ауданындағы Розовка ауылындағы бөбекжайды, Аққулы ауданындағы «Айгөлек» балабақшасын жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.
– Сонымен қатар биылғы жылы Павлодардың «Достық» шағын ауданындағы тұрғын үйдің бірінші қабатында 80 орындық шағын орталықтың тұсауы кесіледі, – деді спикер. – 2025 жылы Ақсу ауылдық аймағына кіретін Береке және Үштерек ауылдарында және Екібастұз қаласында үш жаңа балабақша салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ақсу қаласында 140 орындық жаңа инклюзивті балабақша салуды көздеп отыр. Бүгінде мамандар оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде. Жобалық-сметалық құжаттары дайын болған бойда қалалық білім бөлімі аталған мектепке дейінгі мекемені салуға өтінім береді.
Фото: www.informburo.kz