
Жыл сайын Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының базасында жұмыс істейтін инсульт орталығынан 900-ге жуық науқас өтеді.
Павлодар облысында үшінші деңгейдегі мамандандырылған инсульт орталығы алтыншы жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Мұнда ми қан айналымының жіті бұзылыстары бар науқастарға кешенді ем жүргізіледі, сондай-ақ медициналық көрсеткіштер бойынша нейрохирургиялық оталар жасалады. Өткен жылы орталықта 900-ден астам адам емделіп, 80-ге жуық ота жасалды.
Инсультті емдеудің негізгі қағидаттарының бірі — «Уақыт – ми» ережесі. Науқасқа медициналық көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, өмірлік маңызды функцияларды сақтап қалу және ауыр зардаптардың қаупін азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Инсульттің алғашқы белгілері байқалған бойда жедел жәрдем шақыру қажет. Емдеудің бірқатар әдістері үшін белгілер пайда болған сәттен бастап алғашқы 4,5 сағат ерекше маңызды.
Медициналық оңалту — емдеудің ажырамас бөлігі. Кардиоорталықта инсульттен кейінгі науқастарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылған. Науқастың денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе,оңалту шаралары орталыққа түскен алғашқы күндерден-ақ басталады.
Қалпына келтіру бағдарламасына массаж, сөйлеу қабілетінің бұзылуын түзету жөніндегі мамандармен сабақтар,психологиялық қолдау, сондай-ақ мамандандырылған тренажерлерде жаттығулар жасау кіреді. Кешенді тәсіл қозғалыс, сөйлеу және когнитивтік функцияларды қалпына келтіруге, науқастарды өз бетінше өмір сүруге қайтаруға және мүгедектік қаупін төмендетуге бағытталған.
Медициналық оңалтудың екінші кезеңінен ауруханадан шыққаннан кейін алты ай ішінде Усолка, 60 мекенжайында орналасқан мамандандырылған қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесінде өтуге болады.
Инсульт орталығының жұмысы аурудың жіті кезеңінде уақтылы көмек көрсетуге ғана емес, сонымен қатар науқастардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын барынша қалпына келтіруге бағытталған. Емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жүргізіледі.










