
Дегенмен тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын сақ болуға шақырады: алаяқтар халықты алдап, өзгелердің ақшасын жымқырудың жаңа әдістерін іздестіруде.
Павлодар облысындағы алаяқтықтың алдын алу шаралары туралы @pavlodar.rsk алаңында Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанат айтып берді. Оның деректері бойынша, 2026 жылдың басынан бері өңірде 1166 интернет-алаяқтық жағдайы тіркелген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24%-ға аз.
– Бұл төмендеу, соның ішінде, дропперлерге қатысты заңнаманың қатаңдатылуымен байланысты. Олар 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап банктік карталар мен шоттарды үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті спикер. – Бұл бөтеннің ақшасын қолды қылғысы келетін алаяқтарға қосымша кедергі болды. Сондықтан олар жаңа жолдарды іздеп, жиі шетелдік дропперлерді тартады.
Бүгінде тәртіп сақшылары шетелге жасалатын күдікті аударымдар бойынша банктермен өзара іс-қимылды күшейтуде. Аптасына банктердің қауіпсіздік қызметтері полицияға кемінде екі-үш осындай жағдай туралы хабарлап, ақшаның алаяқтардың қолына өтуіне жол бермейді.
Жинаған қаражатты сақтап қалу үшін полицейлер қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салады: банк карталарын, PIN-кодтарды және SMS-құпия сөздерді үшінші тұлғаларға бермеу, сондай-ақ банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан түскен қоңырауларға күмәнмен қарау қажет. Кез келген күдікті сұрау немесе шетелге ақша аудару туралы ұсыныс түскенде, сөйлесуді дереу тоқтатып, 102 нөміріне хабарласу арқылы ақпаратты жеке тексерген жөн.
Фото: ChatGPT










