
Өңір тұрғындарын нашақорлық пен есірткі тарату мәселелеріне бейжай қарамауға шақырады.
Тақырыптық айлықтың басталғаны туралы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиева @pavlodar.rsk алаңында айтып берді.
– Айлық аясындағы барлық іс-шаралар жастардың бойында есірткіге қарсы дұрыс сананы қалыптастыруға және кез келген есірткі түрін қабылдамаудың орнықты иммунитетін тәрбиелеуге бағытталған, – деп атап өтті Ирина Тимиргалиева. – Бұл акцияның негізгі жолдауы – құқықтық тәртіпке сай мінез-құлықты дамыту. Біз жасөспірімдер мен олардың ата-аналары есірткінің табысқа жетуге және қандай да бір маңызды мақсаттарды бағындыруға ешқандай ықпал етпейтінін нақты түсінгенін қалаймыз. Есірткіні бір рет қолданудың өзі тұрақты тәуелділікке әкеп соқтырады.
Есірткіге қарсы айлық 25 мамырда басталды және 26 маусымда Ertis Promenade сахнасында ауқымды концертпен аяқталады. Оған дейін Павлодар облысында жастарға арналған түрлі байқаулар мен квесттер, спорттық іс-шаралар және басқа да тақырыптық акциялар өткізіледі. Сонымен қатар, жастармен, ата-аналармен және педагогтар қауымдастығымен кездесулер түріндегі түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылы бірден 7 кәмелетке толмаған бала есірткі таратты деген күдікпен ұсталған. Биыл полицейлер есірткі заттарын жасырын орындарға (тайниктерге) тығып жүрген бір жасөспірімді құрықтады.
Фото: Gemini










