
Бүгінгі таңда «Қазақстан Алюминийі» АҚ құрамына кіретін станцияда «Павлодар жылу желілері» ЖШС
диспетчерлері белгілеген температуралық режим сақталып отыр.
Жылу-электр орталығының жазғы кезеңдегі және басталған жылыту маусымы шеңберіндегі жұмысы туралы кәсіпорынның операциялық директоры Василий Новоселов пен техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі басшы Салим Макулов айтып берді. Биыл ЖЭО-да №2 және №5 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілді, №8 қазандық агрегатының кеңейтілген ағымдағы жөндеуі аяқталып келеді, ал №1 қазандық агрегатында жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуден кейін №5 турбина іске қосылды, №1 турбинада жұмыстар жалғасуда. Үш түтін мұржасының бірін жөндеу де аяқталуға жақын.
Инвестициялық бағдарлама қазандық жабдықтарын жөндеуді және тозған тораптарды, соның ішінде ауа жылытқыштарды ауыстыруды қарастырады, бұл апаттылықты азайтуға және станция жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, №2 және №5 қазандық агрегаттарында су экономайзерлері, сондай-ақ №2 және №8 қазандық агрегаттарында ауа жылытқыш текшелері (кубтары) ауыстырылды.
Жөндеу шаралары жабдықтың техникалық жағдайын қалпына келтіруге, апаттылықты азайтуға және жоспардан тыс тоқтаулардың алдын алуға бағытталған. Апаттылық қаупі жоғары торап ретінде су экономайзерлеріне ерекше назар аударылады. Оларды ауыстыру және жұмыс қабілеттілігіне әсер ететін факторларды жою электр станциясының сенімді жұмысын және 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ электр станциясы 1964 жылы іске қосылған. Бүгінде мұнда Павлодар алюминий зауыты мен облыс орталығының тұрғын алабының бір бөлігі үшін жылу энергиясы өндіріледі.










