
Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқуға 5 мыңнан астам өтініш түсті.
Өңір колледждеріндегі қабылдау науқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында Павлодар облысы білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жаслан Сыздықов айтып берді. Ол бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау «OQU» порталы арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті.
– Ақпараттық жүйемен жұмыс істеу барысында қандай да бір күрделі мәселелер туындаған жоқ, – деді спикер. – Оқуға өтініш беру үшін смартфон мен интернет желісі болса жеткілікті. Тіркелу кезінде сервис өтініш берушінің аттестаты мен медициналық куәландыруы бойынша мәліметтерді өзі сұратады. Үміткерге тек өзінің сандық фотосуретін жүктеп, қалаған мамандықтарын таңдау ғана қалады. Барлық процедура 10-15 минуттан артық уақытты алмайды. «Оқуға түсті/түспеді» деген жауап та қашықтан – 1414 сервисінен SMS түрінде және eGov.kz сервисінің ішінде келеді.
Бүгінде өңірде 28 мемлекеттік және 14 жекеменшік колледж жұмыс істейді. Оларда 23 мыңнан астам адам білім алуда. Кадрларды даярлау 109 мамандық және 189 біліктілік бойынша жүргізіледі. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын аяқтағандардың жалпы саны 6,8 мыңға жуық адамды құрады. Олардың 6,5 мыңға жуығы жұмыспен қамтылса, 4,7 мыңнан астамы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
Павлодар облысында 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемі 6,3 мың орынды құрады. Қабылдау 85 мамандық және 141 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Ағымдағы оқу жылына мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде білім беру басқармасы өңір үшін басым болып табылатын техникалық және әлеуметтік бағыттар бойынша орын санын арттырды. Инженерлік, өңдеу және құрылыс мамандықтары, білім беру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл, орман, балық шаруашылығы және ветеринария, өнер және гуманитарлық ғылымдар, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салалары бойынша бюджеттік орындар саны көбейтілді. Сонымен бірге, түлек нақты кәсіпорынға жұмысқа жіберілетін нысаналы мемлекеттік тапсырыс көлемі де артты. Алдағы оқу жылына Павлодар облысының колледждерінде мұндай 990 орын қарастырылған.
Фото: ChatGPT










