
Өңір құтқарушылары шомылу маусымын аяқтап, енді күзгі-қысқы кезеңге дайындалуда.
Шомылу маусымының қорытындысын @pavlodar.rsk алаңында ТЖ департаменті бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев баяндады. Ол 1 маусымнан бастап құтқарушылардың күшейтілген режимде жұмыс істегенін еске салды.
– Биыл Павлодар облысының аумағында су жанындағы 35 ресми демалыс орны жұмыс істеді, – деді спикер. – Қауіпті және шомылуға тыйым салынған учаскелерде үлкен жұмыс көлемі жүргізілді. Ескерту және тыйым салу белгілерінің санын 180-нен 496-ға дейін көбейтуге мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, 18 ақпараттық баннер орнатылып, 45 белгіде су айдындарының қауіпті учаскелері туралы ақпараты бар QR-кодтар орналастырылды.
Биыл ТЖД Баянауыл ауданына ерекше көңіл бөлді. Мұнда алғаш рет тұрақты негізде бөлек құтқару бөлімшесі құрылып, оған 10 штаттық құтқарушы бірлігі бөлінді. Сонымен қатар, қатарды күшейту үшін Семей қаласынан 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қосымша тартылды. Құтқару инфрақұрылымын дамытудағы тағы бір маңызды қадам Жасыбай көлінің жағалауында модульдік құтқару станциясын салу болды. Станцияның тікелей су жанында орналасуы құтқарушыларға жағалаудағы жағдайды үнемі бақылауда ұстауға және ТЖ туындаған кезде әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Тек Баянауыл ауданының аумағында осы шомылу маусымында 44 адам, соның ішінде 13 бала құтқарылды.
– Өкінішке орай, қайғылы жағдайларды толығымен жою мүмкін болмады, – деп атап өтті спикер. – Шомылу кезеңінде су айдындарында 8 адамның, соның ішінде 2 кәмелетке толмаған баланың қаза болу жағдайы тіркелді. Оқиғаларды талдау көрсеткендей, негізгі қауіп факторлары: жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылу, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну, өз күші мен жүзу дағдыларын артық бағалау, балаларды қараусыз қалдыру, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау болып қала береді.
Күзгі кезеңде құтқарушылар негізгі көңілді балықшыларға және шағын көлемді кемелерді пайдаланатындарға бөледі. Суық түскеннен кейін профилактикалық жұмыс мұз қату кезеңіндегі оқиғалардың алдын алуға және халықтың жуқа әрі бекімеген мұзға шығуына жол бермеуге бағытталады.
Фото: ChatGPT










