Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысының супермаркеттерінде отандық тауар өндірушілерді қолдау жобасы басталды

Павлодар облысының супермаркеттерінде отандық тауар өндірушілерді қолдау жобасы басталды

Jun 9, 2026 | Жаңалықтар


Облыс орталығындағы екі сауда нүктесінде сөре таспалары, «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар стикерлер, сөре бөлгіштер мен кіреберіс баннерлері орнатылды. Сондай-ақ, әр 30 минут сайын арнайы аудиохабарламалар таратылуда.

Қазақстанда офлайн-бөлшек саудада да, электронды коммерцияда да отандық тауарларды ілгерілету ережелері күшейтіліп жатыр. Бұл туралы @pavlodar.rsk алаңында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Тұрмағанбет айтып берді.

– Маркетплейстер үшін іздеу жүйесінде қазақстандық өнімдерді бірінші кезекте көрсету және «Қазақстанда жасалған» атты жеке бөлімдер ашу сияқты міндетті тетіктер енгізілуде, – деді спикер. – Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер пакеті мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өтуде. Заңнамада сауда нысандарындағы қазақстандық тауарлардың міндетті үлесі бекітілген. Бүгінгі таңда ол ассортименттің кемінде 30 пайызын құрайды. Сонымен қатар, «Даму» қорының қатысуымен жүзеге асатын қолдау бағдарламалары арқылы сөрелердің тағы 20 пайызына дейін бөлінуі мүмкін. Осылайша, отандық өнім дүкен ассортиментінің жартысына жуығын иелене алады.

Бүгінде сатып алушының отандық тауарды көруі маңызды. Сондықтан заңнама тауардың санына ғана емес, оның орналасу сапасына да талаптар қояды. Отандық өндірушілердің өнімі сатып алушының көз деңгейінде, визуалды және физикалық тұрғыдан қолжетімді жерлерде тұруы тиіс. Мұндай тәсілдің тиімділігін Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының тәжірибе нәтижелері растап отыр. Зерттеушілер «Magnum» сауда желісімен бірлесіп, қазақстандық ірімшіктерді ілгерілету үшін мінез-құлық құралдарын сынақтан өткізді. Дүкендерде баннерлер, сөре бөлгіштер, стикерлер, сөре таспалары мен «Қазақстанда жасалған» таңбасына негізделген аудиохабарламалар сияқты қарапайым шешімдер қолданылды. Төрт аптаға созылған тәжірибе барысында пилоттық дүкендердегі қазақстандық ірімшіктің саудасы 20 пайызға өскен.

1 маусымнан бастап осындай пилоттық жоба павлодарлық екі супермаркетте іске қосылды: Қамзин көшесі, 67/1 мекенжайындағы «Greenwich» және Торайғыров көшесі, 14 мекенжайындағы «Inmart» дүкендерінде. Бір айдан кейін жобаның қорытындысы шығарылады.