Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысында балық аулауға тыйым салынды

Павлодар облысында балық аулауға тыйым салынды

Apr 15, 2026 | Жаңалықтар


Шектеулер 15 сәуірден 30 мамырға дейін күшінде болады. Бұл шараның мақсаты — уылдырық шашу кезеңінде балық қорын сақтау және олардың өсімін қамтамасыз ету.

Жыл сайынғы «Уылдырық шашу» акциясы туралы Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері @pavlodar.rsk алаңында айтып берді. Балық аулауға салынған тыйым Павлодар облысының барлық далалық және тұщы су айдындарында, Ертіс өзені мен оның жайылмаларында, сондай-ақ Қ. Сәтбаев атындағы каналдың бүкіл бойында (су қоймаларын қоса алғанда) қолданылады.

– Бекітіліп берілген балық шаруашылығы учаскелерінде торта, аққайран, алабұға, мөңке және шортан балықтарын әуесқойлық жолмен аулауды қоспағанда, басқасына тыйым салынады, – деді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жангелді Қарабаев. – Шектеу кезеңінде табиғат қорғау заңнамасының сақталуына бақылау күшейтіледі. Біз балықты заңсыз аулау, сатып алу немесе өткізу, тасымалдау фактілерін анықтауға және жолын кесуге ерекше көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, инспекцияның тиісті келісімінсіз балық шаруашылығы су айдындарында қозғалтқышы қосулы су көлігінің барлық түрлерінің жүруіне де тыйым салынады.

Жыл басынан бері Павлодар облысының балық инспекторлары балықшыларға қатысты 77 әкімшілік хаттаматолтырды. Оның төртеуі сотқа жолданды. Қазіргі уақытта шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Фото: Gemini