
Өткен жылы жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын ұзарту мәселесін зерттейтін арнайы комиссия өңірдегі екі жер пайдаланушыны жосықсыз деп таныды.
Арнайы комиссияның жұмысы туралы @pavlodar.rsk алаңында жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов айтып берді. Белгілі болғандай, комиссияның назарына тек жер заңнамасын бұза отырып учаскелер алуы мүмкін аграршылар ғана ілігеді. Бірақ мұндай жағдайда да арнайы комиссияның басты міндеті — жер пайдаланушылардың адалдығын анықтау.
– Ол үшін міндетті және қосымша критерийлерді қамтитын бағалау жүйесі қолданылады, – деді спикер. – Міндетті критерий — жердің мақсатты пайдаланылуын сақтау. Қосымша критерийлерге салықтар мен жер учаскесін жалдау ақысы бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы, жер заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтардың болмауы, тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығы өндірісіне салынған инвестициялар, ауыл шаруашылығы жануарларының болуы, жергілікті қоғамдастықты дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларға қатысу және тағы басқалар жатады.
Өткен жылы жер жөніндегі арнайы комиссия мемлекеттік органдардан 134 материал алды. Оның 13-і қаралып, 121-і заң бұзушылықтардың болмауына байланысты қайтарылды. Нәтижесінде 11 жер пайдаланушы адал деп танылса, екеуі — жосықсыз деп танылды. Соңғы санаттағы аграршылардың жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, конкурс негізінде басқа жер пайдаланушыларға берілуі тиіс.
Фото: Gemini










