Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Қазақстандықтар үшін бірыңғай медициналық көмек пакеті жаңа жылдан бастап күшіне енеді

Қазақстандықтар үшін бірыңғай медициналық көмек пакеті жаңа жылдан бастап күшіне енеді

Dec 23, 2025 | Жаңалықтар


Реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік және сақтандыру бағдарламалары арасындағы қайталануды жою, медициналық қызметтер тізбегін нақты ажырату, олардың ашықтығы мен халық үшін қолжетімділігін арттыру.

МӘМС жүйесіндегі алдағы өзгерістер туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Павлодар облысы медициналық мекемелерінің өкілдері @pavlodar.rsk алаңында өткен арнайы баспасөз конференциясында айтып берді. Бірыңғай пакет аурулардың ерте алдын алуды, онкоскринингтер өткізуді, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін тексерілуді, сондай-ақ жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сақтандырылмаған адамдар медициналық қызметтердің базалық пакетіне қолжетімділікті сақтап қалады. Оған емханаға алғашқы жүгіну, вакцинация, әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау, жедел және шұғыл жәрдем, инфекциялық ауруларды емдеу, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ұзақ мерзімді күтім кіреді.

2026 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі бір миллионға жуық азамат сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады. Бұл табысы төмен халықтың тағы 5%-ына жоспарлы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда 16,9 млн адам сақтандырылған. Олардың 12 миллионы жеңілдік санатына жатады, олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.

Қант диабетін емдеуге ерекше көңіл бөлініп отыр, оны қаржыландыру МӘМС пакетіне ауыстырылады. 2026 жылдан бастап диабетті ерте анықтауға арналған скрининг ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде барлық азаматтар үшін өткізіледі. Қазақстан қазіргі заманғы антидиабетикалық препараттар мен медициналық бұйымдардың, соның ішінде балаларға арналған инсулин сорғыларының (помпаларының) 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ заңда соңғы 5 жыл ішінде жарналарды тұрақты төлеп келген азаматтар үшін сақтандырылған мәртебесін сақтаудың жеңілдік кезеңін 3 айдан 6 айға дейін ұзарту қарастырылған. Бұл адамдарға уақытша қиындықтар туындаған кезде медициналық көмектен қол үзіп қалмауға мүмкіндік береді.

2027 жылдан бастап Қазақстан мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың жоғары деңгейдегі ортақ жауапкершілігі бар толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр. Жүйеге әлі қосылмаған еңбекке қабілетті азаматтар үшін шарттар қолжетімді болып қала береді – айына 4250 теңге немесе жылына 51000 теңге.