
Жоғары технологиялық емдеу әдістері заманауи технологиялар мен жабдықтарды қолдана отырып, пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жоғары технологиялық араласулардың ең көп көлемі облыстық кардиологиялық орталыққа тиесілі. Мұнда өткен жеті айда 249 операция жасалды. Жыл басынан бері Павлодар қалалық №1 ауруханасының мамандары жеті операцияны сәтті орындады.
Сондай-ақ жоғары технологиялық операциялар Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханасында да жүргізіледі. Биыл дәрігерлер осындай сегіз ота жасады. Сөз импланттың тозуы, тұрақсыздығы немесе асқынулар салдарынан оны ауыстыру қажет болған кездегі ревизиялық эндопротездеу туралы болып отыр. Мұндай операцияның құны екі миллион теңгеден асады, алайда МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар үшін ол тегін жасалады.
Бұдан бөлек, травматология және ортопедия бөлімінде 10 жылдан астам уақыт бойы жамбас және тізе буындарын ауыстыру оталары жүргізіліп келеді. Облыстық клиника мамандары бір жыл ішінде осындай 500-ге жуық операцияны орындайды.










