Бас және мойын қатерлі ісігі туралы ақпараттандыру апталығы аясында облыстық онкологиялық диспансер тиісті дертке шалдыққандардың барлығына есігін айқара ашпақ. Кез келген адам 8 маусым күні таңғы сағат 9-дан 13.00-ге дейін онкологтардан кеңес ала алады.
Ашық есік күні қарсаңында павлодарлық дәрігерлер онкологиялық диспансерде барлығы 13,5 мыңға жуық адам есепте тұрғанын еске салды. Олардың 1,1 мыңнан астамы бас және мойын ауруларына шалдыққан.
– Бас пен мойын ісіктерді көзбен анықтауға болатын локализация аймағы, – дейді облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарова. – Біздің жергілікті емханаларда науқас тексерістен өтетін 69 тексеру кабинеті бар. Мұны білікті мамандар жасайды. Егер қандай да бір күдік туындаса, науқас терапевтке, одан кейін онкологқа, содан кейін ғана онкологиялық диспансерге жіберіледі. Біздің диспансерде қатерлі ісікке күдікті науқастарды бақылайтын ситуациялық орталық бар. Яғни, қажет болған жағдайда тексеру бөлмесінен бастап пациенттің бүкіл сапарын көре аламыз.
Дәрігерлер тұрғындарды скринингтер мен медициналық тексерулерді назардан тыс қалдырмауға шақырады, оның барысында олар қатерлі ісік ықтималдығын да анықтай алады. Бұл ретте Павлодар облысының тұрғындарын ешбір жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырады. Әйтпесе, маманға хабарласпай, адам құнды уақытты жоғалтуы мүмкін.