Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодардың спорт мектептері болашақ чемпиондарды қалай дайындайды

Павлодардың спорт мектептері болашақ чемпиондарды қалай дайындайды

Nov 26, 2026 | Жаңалықтар


Павлодар облысында 20 мыңға жуық бала мен жасөспірім балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде шұғылданады.

Бүгінде өңірде 24 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде төртеуі — олимпиадалық резерв мектебі. Оларда спорттың 43 түрі дамытылуда. Спорт мектептерінің барлық тәрбиеленушілері үшін жаттығулар тегін өткізіледі.

2026 жылы спорт мектептерінде 215 спорттық-сауықтыру тобы, 581 бастапқы даярлық тобы, 631 оқу-жаттығу тобы, 42 спорттық жетілдіру тобы және бір жоғары спорттық шеберлік тобы жұмыс істейді.

Спорт мектептерінің тәрбиеленушілері түрлі спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. 407 адам бірінші спорттық разрядқа ие болса, 724 спортшы — спорт шеберлігіне кандидат. Тағы 18 спортшы ҚР спорт шебері, екеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.

Бейімдеу спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Павлодар қаласының №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жанында мүгедектігі бар 93 бала жаттығады. Олар спорттың алты түрін меңгеруде: жеңіл атлетика,жүзу, таеквондо, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және голбол.

Жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру маңызды бағыт болып қала береді. 2026 жылы 165 жаттықтырушы-оқытушы кәсіби оқудан өтті. 2027 жылы біліктілікті арттыру курстарына 200-ден астам маманды жіберу жоспарлануда.

Спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы 270 нысанды қамтиды. Олардың қатарында 134 спорт залы,41 спорт кешені, 13 жүзу бассейні, сегіз стадион, үш спорт сарайы, 11 хоккей корты, үш спорт манежі, сондай-ақ шаңғы базалары, ату тирлері, алаңдар және басқа да ғимараттар бар. 2026 жылы Павлодар облысында жалпы сомасы 410 миллион теңгеден астам қаражатқа 12 спорт нысанына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Тағы екі нысан 235,4 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті.