Қазақстан бойынша азық-түлік сапасына мониторинг жүргізілді.
Ақпараттық-ағартушылық жобаны республика бойынша Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамының өкілдері жүргізді. Олардың міндеті сауда орындарынан түрлі өнімдерді сатып алып, аккредиттелген зертханаларда сынақтан өткізу болды. Сараптамаға ұсынылған сатып алулар тізімінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да бар.
– Көптеген шетелдік өнімдер мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеді, – деп атап өтті Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамының өкілі Жанна Биятан. – Республика бойынша шошқа мен тауық етінің ДНҚ-сы сиыр өнімдерінен табылып, гендік модификацияланған организмдердің де жоғары мөлшері анықталды.
Көптеген жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және контрафактілік тауарлар анықталды. Тұтынушыларды өнім туралы хабардар етуде бұзушылықтар орын алды.
Павлодарда барлығы 36 өнім түрі сатып алынды. Оның 25-і техникалық регламентке сәйкес келмесе, 18-інің сәйкестік сертификаты болмаған. Сатып алынған тауардың төрт түрі – түрлі шұжықтар мен өсімдік майының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Сонымен қатар, тауардың шығу тегі туралы ақпарат толық емес немесе мүлдем болмаған.
Сондай-ақ жоба тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамадағы кейбір олқылықтарды анықтады. Мысалы, клиентке фискалдық түбіртексіз және басқа да құжаттарсыз қауіпті өнімді сатып алу фактісін дәлелдеу қиын. Шағымды дәлелдейтін дәлелдер болған жағдайда ғана беруге болады және бұл тұтынушыға қосымша қиындықтар туғызады.