
Antinarko.kz сайты есірткіге қарсы ақпарат пен консультациялық көмекті қолжетімді етуге бағытталған. Бұл — консультациялық бөлігі жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылған Қазақстандағы осындай форматтағы алғашқы жоба.
Жаңа сандық сервистің іске қосылуы туралы @pavlodar.rsk алаңында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиева мен «All Service Plus» ЖШС әзірлеушілер тобының жетекшісі Николай Ковтунов айтып берді. Белгілі болғандай, сайттың құрылуы есірткіге қарсы күресушілердің 12 жылға жуық практикалық тәжірибесінің нәтижесі болды. Ресурсты әзірлеу барысында күрделі жағдайда қайда жүгінуге болатыны, қажетті көмекті қайдан алуға болатыны және осындай жағдайларда заңнаманың қандай нормалары қолданылатыны туралы түсінікті ақпаратты жедел алу қажеттілігі ескерілді.
Antinarko.kz платформасында медициналық мекемелер және көмекке жүгіну тәртібі туралы ақпарат жинақталған. Сондай-ақ пайдаланушылар заңнамада қарастырылған жауапкершілік шаралары туралы біле алады және жасанды интеллект негізіндегі сервистің көмегімен кеңес ала алады. Сандық сервис есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға байланысты мәселелерде халықтың хабардарлығын және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Қажетті мәліметтерді онлайн-форматта алуға болады, бұл консультациялық көмекке қолжетімділікті кеңейтеді.
Antinarko.kz ресурсын іске қосу Павлодар облысы полиция департаментінің профилактикалық жұмысын цифрландыру бағыттарының бірі болды. Сервис есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және азаматтарды ақпараттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты толықтыруға арналған. Жұмыс істеген бір апта ішінде платформаға 200-ден астам пайдаланушы кіріп үлгерді.










