Медициналық мекеменің бүгінде қалай дамып жатқаны, емделушілер арасында
шетелдіктер бар-жоғы жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Сұлтанов атындағы облыстық аурухана базасындағы офтальмологиялық орталық 2008 жылы іске қосылды. Оның құрамына тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 37 төсектік және күндізгі стационарда 12 төсектік стационарлық бөлім, жедел жәрдем, микрохирургиялық операциялық бөлім және консультативтік-диагностикалық бөлімше кіреді. Сонымен қатар, мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін көздің жедел жәрдем бөлімі бар. Бүгінде олар мүйізді қабықты трансплантациялаудан басқа көзді емдеудің барлық дерлік технологияларымен жұмыс істейді.
– Бұл қазақстанның облыстарында еш жерде жасалмайтын жалғыз хирургиялық операция, – дейді бөлім басшысы Қасымхан Тілеубаев. – Мәселе заңнамалық және техникалық деңгейде. Биылдан бері мұндай операциялар Алматыдағы Көз аурулары институтында жасалып, науқастарды соған жібереміз.
Жыл сайын орталықта 3 мыңға дейін операция жасалады. Олардың негізгі үлесі – катарактаны алып тастау және жасанды линзамен ауыстыру. Мамандардың айтуынша, бұрын көзге ота көбіне егде жастағы адамдарға жасалса, бүгінде орталықтағы орташа емделуші 35-45 жаста. Олардың арасында ақылы негізде емделетін шетелдіктер де бар.