Облыстық, қалалық және облыстық маңызы бар шипажайларды ретке келтіруге 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат міндеттелді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында денсаулық сақтау басқармасының өкілдері сөз сөйледі. Басқарма басшысы Айдар Ситқазиновтың айтуынша, биыл ретке келтіруге бел буған денсаулық сақтау нысандарының көпшілігінде ондаған жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Олар, мәселен, Ақтоғай ауданының Жалаулы және Мүткенов ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар, Тереңкөл ауданы Байқоныс ауылындағы фельдшерлік пункт, Шарбақты ауданы Чигириновка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт.
– Сонымен қатар, ауылдық жерде 2016 жылдан бері жедел жәрдем көлігі алынбаған, – деп еске салды спикер. – 2020 жылы облыстық жедел жәрдем стансасының автопаркін толығымен жаңартқан болсақ, ауылдық жерде мұндай жаңарту болмаған. Биыл 37 бірлік санитарлық көлік, әр ауданға орта есеппен 3-4 көлік сатып алудамыз. Осы қарқынмен алдағы 3 жылда ауылдардағы барлық санитарлық паркті жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2023 және 2024 жылдары олар қымбат тұратын диагностикалық құрал-жабдықтарды сатып алуды көздеп отыр. Бұл магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, сондай-ақ қалалық және облыстық емханаларға арналған ангиографиялық аппарат. Павлодар облысында да техникаларды жаңарту «Салауатты ұлт» жобасы есебінен жүзеге асырылмақ. Мысалы, Павлодар мен Екібастұздағы үш ірі перзентханаға жаңа құрал-жабдықтар алынады.