Өңірде көктемгі аңшылыққа тек жабайы үйректер мен аталық құрларға рұқсат етілген.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы РУСЛАН ТӨЛЕПБАЕВТЫҢ айтуынша, 4 аңшылық шаруашылық субъектілеріне бекітілген 29 аңшылық шаруашылығында құстарды аулауға рұқсат етілген. Аңшылық кезінде аңшыда аңшы куәлігі болуы керек; аңшылық алқаптан рұқсат, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге рұқсат, ал жыртқыш құстармен аң аулау кезінде – жыртқыш құстың төлқұжаты.
– Биыл аң аулау ережелеріне белгілі өзгерістер енгізілді, – деді спикер. – Бұрын атыс қаруын қолданып аң аулауға 18 жастан бастап рұқсат етілсе, қазір бұл меже – 21 жыл. Егер аңшылық құралдарының басқа рұқсат етілген түрлерін, аңшылық иттер мен аңшылық құстарды пайдалана отырып жүргізілсе, 14 жастан бастап рұқсат етіледі.
Көктемгі аңшылық кезеңінде инспекция мамандары аңшылық алқаптарды патрульдеу жұмыстарын күшейтеді. Ведомствода жабайы үйрек пен аталық құрларды заңсыз аулағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін, бір құсқа келтірілген шығын шамамен 29 мың теңгені құрайтынын еске салады.