Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы атап өткендей, биылғы жылы жылу беру маусымының басында өткенмен салыстырғанда арыз-шағымдар айтарлықтай азайған.
Павлодар облысындағы жылумен қамту жағдайы @pavlodar.rsk алаңында жарияланды. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде облыстағы 1220 әлеуметтік нысан мен 2389 көппәтерлі тұрғын үйлердің барлығы жылу жүйесіне қосылған.
– Жылумен қамтуға ерте дайындық пен қосылу тұрғындардан түсетін өтініштердің азаюына әсер етті, – деп атап өтті энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов. – Биыл қазан айының басынан бері 361 өтініш түссе, өткен жылыту маусымының басында 660. Келіп түскен өтініштердің барлығы жергілікті тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінде қаралып үлгерді.
Биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында барлығы 31 шақырымнан астам желі жөнделді. Табиғи монополиялар субъектілері өз қаражаты есебінен ұзындығы 2,4 шақырым болатын желілерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Павлодар облысында жылу желілерінің тозуы 80,5%-дан 79,7%-ға дейін төмендейді.