
Павлодарлық мерзімді әскери қызметшінің қалауы бойынша оны Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әскери бөлімдеріне қызмет етуге жібереді.
Павлодар облысында мерзімді әскери қызметке күзгі шақыруды жасақтау қалай өтетіні туралы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуат Жақанов айтып берді. Ол өңірде 734 шақырылушыны жинау жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның 105-і ҰҚК Шекара қызметіне, 355-і Қорғаныс министрлігіне, 25-і Төтенше жағдайлар министрлігіне, 9-ы ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне, 240-ы Ұлттық ұланға жіберіледі.
– Павлодар облысынан наряд (бөлініс) болған кезде, біз міндетті түрде сол бойынша жергілікті шақырылушыларды жібереміз, – деді спикер. – Мысалы, соңғы көктемгі шақыру кезінде 30 адам 6679 әскери бөліміне қызмет етуге аттанды. Біздің мерзімді әскери қызметшілердің көбі туыстары, айталық, ант қабылдауға келе алуы үшін үйлеріне жақын Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының бөлімдеріне барады.
Мерзімді әскери қызметке 18 жасқа толған ер азаматтар шақырылуға тиіс. Шақыру қағазын немесе ұялы телефонға хабарлама алғаннан кейін олар жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті. Осыдан кейін шақырылушылар медициналық куәландырудан өтеді, оның нәтижелері бойынша олардың әскери қызметке жарамдылығы немесе жарамсыздығы анықталады. Қажет болған жағдайда шақыру денсаулық жағдайына байланысты кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, заңнамаға сәйкес шақырылушының отбасылық жағдайына байланысты мән-жайлар да кейінге қалдыруға негіз бола алады.










