Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысы Дүниежүзілік иммундау апталығына қатысады

Павлодар облысы Дүниежүзілік иммундау апталығына қатысады

Apr 17, 2026 | Жаңалықтар


Дәстүрлі науқан 24-30 сәуір аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде және басқа да елдерде өтеді.

@pavlodar.rsk алаңында өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменти басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова вакцинацияның қоғам үшін пайдасы туралы еске салды. Ол бүгінде Қазақстанда халықты вакцинациялау Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізілетінін атап өтті. Бұл схемаға балалар мен ересектерге белгілі бір жаста жасалатын және адамды қауіпті инфекциялардан толық қорғауға мүмкіндік беретін міндетті екпелер кіреді.

— Балаларға туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіріспе, гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық, паротит және адам папилломасы вирусы сияқты инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация жүргізіледі, — деді спикер. — Бала барлық екпелерді алуы қажет, өйткені олардың әрқайсысы әртүрлі инфекциялардан қорғайды. Иммундау болмаса, инфекцияға бейім адамдардың саны арта береді.

Мамандардың айтуынша, Ұлттық күнтізбеге енгізілген барлық инфекциялар адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Мысалы, полиомиелит өмір бойына созылатын сал ауруына, дифтерия — сал ауруы мен миокардитке, эпидемиялық паротит — бедеулік пен қант диабетіне, ал жүктілік кезіндегі қызамық — ұрықтың іштен туа біткен зақымдануына әкеп соқтыруы мүмкін. Сіріспеге қарсы екпенің болмауы тіпті болмашы жарақат кезінде де ересектер мен балалардың өліміне себеп болуы ықтимал. Ал туберкулезге қарсы егілмеген жандардың арасында бұл дерттің мүгедектікке әкелетін ауыр түрлеріне шалдығу қаупі ондаған есе жоғары.

Жыл сайын сәуір айында Қазақстан Дүниежүзілік иммундау апталығына қатысады. Биыл бұл шара «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен өтуде. Оның мақсаты — вакцинацияның көптеген жылдар бойы адамдарды, отбасыларды және қоғамды қалай қауіпсіз қорғап келгенін тағы бір мәрте еске салу. Вакциналар туралы барлық сенімді ақпаратты https://egu.kz сайтынан және 7701 жедел желі телефоны арқылы алуға болады.

Фото: Gemini