
Жергілікті билік тұзды көл жағалауында екінші жағажайды іске қосу жұмыстарын бастап кетті.
Шарбақты ауданының туристік әлеуетін дамыту туралы @pavlodar.rsk алаңында өткен брифингте аудан әкімі Сержан Иманқұлов айтып берді. Егер осыдан үш жыл бұрын Маралды көліне 7-8 мың адам келсе, өткен жазда туристер саны 45 мыңға жеткен.
– Біз Маралдыға келушілердің, соның ішінде өзге өңірлерден келетіндердің қатары артып жатқанын көріп отырмыз, – деді спикер. – Павлодар облысы әкімінің тұзды көлдің жағажай аймағын кеңейту бойынша берген тапсырмасы бар. Қазірдің өзінде тиісті эскиздік жоба әзірленді. Біз заманауи үлгіде жабдықталатын екінші жағажайды іске қосу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Қолданыстағы жағажайдың ені 500 метр болса, жаңасы одан сәл тарлау болады. Соған қарамастан, аудан билігі қазіргі жағажайдағыдай демалушылар үшін ең қолайлы жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Фото: Gemini










