
Өңірлік жедел жәрдем станциясында @pavlodar.rsk арнайы пресс-туры аясында журналистер болып қайтты.
103 қызметінің қалай дамып жатқаны туралы станция басшысының орынбасары Ирина Мищенко, инженерлік-техникалық қызмет жетекшісі Серік Ишманов және фармацевт Ерлан Бұхпанов әңгімеледі.
Әрбір жедел жәрдем көлігінде телеметрия функциясы бар ЭКГ аппараты орнатылған. Оның көмегімен медициналық бригада пациенттің электрокардиограммасын түсіріп, ақпаратты аға дәрігерге және облыстық кардиоорталыққа жолдайды. Осылайша, мамандар кез келген ауытқуды дер кезінде анықтап, науқасқа уақытылы ем көрсетуге мүмкіндік алады. Осы шешімнің арқасында 2011 жылдан бері 103 қызметі ауруханаға жеткізуге дейінгі кезеңде бірде-бір инфаркт жағдайын назардан тыс қалдырған емес.
Павлодар облысында алты жылға жуық уақыт бойы жедел жәрдемді арнайы Telegram-бот арқылы шақыруға болады. Мессенджер арқылы түскен шақырту 103 пультіне жасалған кәдімгі қоңырау сияқты тіркеледі. Пайдаланушы нұсқаулыққа сәйкес «Жедел жәрдем шақыру» батырмасын басып, жарақатты немесе сырқатты сипаттауы, сондай-ақ науқастың орналасқан жерін барынша дәл көрсетуі тиіс. Telegram-бот телефон желісіне салмақ түскен сәттерде үлкен көмек болып табылады.
Облыстық жедел жәрдем станциясындағы барлық препараттар мен медициналық бұйымдар штрих-кодпен таңбаланады. Бұл дәрі-дәрмек қорын нақты уақыт режимінде дәл есепке алуға мүмкіндік береді. Жүйе қызметтің нақты шығындарын талдап, қажетті сатып алу көлемін автоматты түрде есептейді. Мұндай тәсіл дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмайды және мерзімі өтіп кеткен препараттардың шығынын барынша азайтады.
Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының барлық санитарлық көліктері навигациялық жүйемен жабдықталған. Бұл әрбір реанимобильдің жылдамдық режиміне GPS-мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жылдамдық шектен асқан жағдайда инженерлік-техникалық қызметке тиісті хабарлама түседі. Осылайша, 103 қызметі жедел жәрдем көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтады.
Барлық жедел жәрдем медициналық бригадалары бейнежетондармен қамтылған. Олар шақыртуларды орындау кезінде қосылады. Бұл құрылғыларға жазылған деректер ауысымнан кейін «бұлтты» қоймаға жүктеліп, сонда сақталады. Бұл шара медиктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жұмыс сапасын бақылауға мүмкіндік береді.










